Әр күнін маңдай термен өткізіп, қоғам үшін қалтқысыз қызмет етіп жүрген еңбек адамын кейде байқамай қаламыз. Ол — ертең ештеңе сұрамайтын, атақ күтпейтін, бірақ әрбір істе қолтаңбасы қалған адам.
Еңбек адамы таңмен таласа тұрып, күн батқанша тыным таппайды. Қолындағы құралын шеберлікпен меңгеріп, бір шегені дұрыс қағу, бір бөлмені таза жинау, бір баланы тәрбиелеу секілді ұсақ көрінетін, бірақ маңызы зор тірліктерді атқарады. Мұндай адамдар елдің тіршілігін алға сүйрейді.
Қазіргі қоғамда көп нәрсе көрініс пен даңққа құрылса да, шын құрметке лайық жандар — қарапайым еңбек иелері. Оларсыз бірде-бір өндіріс, бірде-бір мекеме, тіпті отбасының өзі де толық жұмыс істей алмайды.
Ұлттық болмысымызда еңбек әрқашан қасиетті ұғым саналған. Қазақ халқы «Еңбек түбі — береке» деп бекер айтпаған. Ата-бабаларымыз мал бағып, жер жыртып, қолөнермен айналысып, әр іске жүрекпен кірісетін. Бұл тек күнкөрістің емес, адамшылықтың өлшемі болды. Осындай еңбекқорлық дәстүрі ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, бүгінгі күнге жетті. Сондықтан еңбек адамына құрмет көрсету — жай ғана ілтипат емес, ұлттың рухани мұрасын сақтау жолындағы парыз.
Жетимекова Манара Ерболатовна
«Қаражал қаласы ішкі саясат, мәдениет,
тілдерді дамыту және спорт бөлімі» ММ басшысы