Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы, ұлттық өндірістің өркендеуі, халықтың әл-ауқаты – бәрі де күнделікті маңдай терін төгіп, адал еңбек етіп жүрген азаматтардың еселі еңбегімен тікелей байланысты. Еңбек адамы – бұл ұғымның артында зор жауапкершілік, тәртіп, кәсіби шеберлік және отансүйгіштік қасиеттер жатыр.
Бүгінде еліміз бойынша өндірісте, ауыл шаруашылығында, құрылыс алаңдарында, білім беру мен денсаулық сақтау салаларында жүздеген мың еңбек адамы қызмет етуде. Олардың барлығы – Қазақстанның дамуына, экономиканың ілгерілеуіне, халықтың өмір сапасының артуына үлес қосып жүрген нағыз ерлер мен ерлермен иық теңестіре қызмет атқарып жүрген қыз-келіншектер.
Мысалы, тау-кен өндірісі саласында тер төгіп жүрген кеншілер – ел байлығын жер қойнауынан шығарып, өңдеуге үлес қосуда. Мұғалімдер мен дәрігерлер – келешек ұрпақтың білімін, денсаулығын қамтамасыз етуде. Ауыл шаруашылығы қызметкерлері – халықты азық-түлікпен қамтамсыз етуде. Бұл – көзге көрінбейтін, бірақ ел болашағы үшін орасан зор маңызға ие қажырлы еңбек.
Мемлекет тарапынан еңбек адамын қолдауға бағытталған түрлі бағдарламалар іске асуда. «Еңбек» ұлттық жобасы, «Жастар практикасы», «Бастау Бизнес», қысқа мерзімді кәсіптік оқыту бағдарламалары – осының нақты дәлелі. Бұдан бөлек, өңірлерде жыл сайын «Еңбек жолы» конкурстары, үздік мамандарды марапаттау рәсімдері ұйымдастырылып келеді.
Ең бастысы – еңбек адамына деген құрметтің қоғам ішінде артуы. Өскелең ұрпақ еңбекқорлықты, адалдықты және жауапкершілікті үлкендерден үйренуі тиіс. Себебі еңбексіз табыс болмайды. «Еңбек – елдің мұраты, тіршіліктің шырағы» деген аталы сөздің мәні дәл қазіргі қоғам үшін өте өзекті.
Еңбек адамы – тек бір саланың маманы емес, ол – ел мүддесіне қызмет етуші, қоғамды алға сүйрейтін тұлға. Осындай азаматтарды насихаттау, еңбегін бағалау – елдік міндет. Себебі еңбекке деген құрмет – ұлтқа деген құрмет.
Манара Жетимекова
“Қаражал қаласы ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі” ММ басшысы