9 ақпан – қазақ поэзиясының хан тәңірі атанған, мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күні. «Бүгін менің туған күнім, ой пәле-ай, Мына халық неге жатыр тойламай…» – деп әзіл-шыны аралас жырлаған ақиық ақын биыл 95 жасқа толар еді.
Мұқағали – қазақтың қара өлеңін қасиетке айналдырған, сөзге жан бітірген ақын. Оның жырлары туған жердің самалындай, ана әлдиіндей жүрекке жақын, жанға таныс. Сондықтан да оны еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін жатқа біледі. Уақыт өткен сайын Мұқағали биіктей түсуде. Ол – тірісінде бағасын толық алып үлгермесе де, халқының жүрегінен мәңгілік орын тапқан дара тұлға. Ақынның әрбір өлеңі – жүректің лүпілі, әрбір жолы – ұлттың жан сыры.
Осы бір айтулы датада ақын есімі ел есінде жаңғырып, Қаражал қаласының дүйім жұрты мәдени-сауық орталығының мәрмәр залына асықты. Бұл – жай ғана кеш емес, бұл – халықтың ақынға деген сағынышы, құрметі, махаббаты еді. Ғасырда бір туатын дара тұлғаның 95 жылдығына арналған «Мұқағали – мәңгілік жыр» атты әдеби-сазды кеш өтті. Жыр кеші ақын рухына тағзым етіп, оның өлмес мұрасын жас ұрпақтың жүрегіне жеткізуді мақсат етті. Бұл күні айтылған әр өлең – ақын рухына тағзым, әр шырқалған ән – мәңгілік жырдың жалғасы болды.
Қарасаздан басталған жыр бүгінде бар қазақтың жүрегінде жаңғырып тұр. Лэд-экраннан ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы мазмұнды бейнесюжет көрсетіліп, көпшілік Мұқағалидың тағдырлы ғұмырына тағы бір мәрте үңілді. Ақынның «Мені өз өлеңімнен бөліп қарамауларыңызды өтінем» деген сөзі кештің негізгі арқауына айналды.
Дөңгелек үстел барысында Қаражал қалалық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Мешітбай Омаров ақсақал сөз алып, Мұқағали поэзиясының тәрбиелік мәніне тоқталды. Ал қаражалдық ақын, сазгер Жарқынбай Жетімеков Мұқағали өлеңдеріне арнаған әндерін орындап, жүрекжарды жырын оқып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Кештің ерекше тұстарының бірі – жас буынның ақын шығармаларын жатқа оқуы болды. Мектепалды даярлық сыныбының оқушысы Көркем Еркебұланқызының «Шеше, сен бақыттысың» өлеңін тебірене оқуынан бастап, өзге де оқушылардың «Үш бақытым», «Отан», «Мен таулықпын», «Дос» секілді жырларды нақышына келтіре орындауы – Мұқағали мұрасының мәңгілік екенінің дәлелі болды. Шынында да, еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін ақын жырын жатқа білетіні осы кеште анық көрінді.
Сонымен қатар, Мұқағали сөзіне жазылған «Құмған алған» әнін Марал Ерболатқызы жоғары деңгейде орындап, кеш көркін қыздырды. Домбыра үнімен әрленген тағылымды сөздер, өнер мектебі директоры Ұлан Тәттібайұлының жүрекжарды лебізі кеш мазмұнын байыта түсті.
Ұстаздар қауымы да ақын мұрасын насихаттауға өз үлестерін қосты. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері Рахатгүл Касимова «Тау бұлағы да ағады», Мереке Иманберлина «Қара өлең» шығармаларын мәнерлеп оқып, Мұқағали поэзиясының терең философиясын, сыршыл сезімін көрермен жүрегіне жеткізді.
Кеш соңында: «Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы, Өлмейтұғын артында сөз қалдырған» деген өлең жолдары айтылып, көпшілік көкейіне терең ой салды. Ақынның сөзі өлмесе, өзі де өлмейді. Мұқағали – жыр болып халқымен бірге жасай бермек.
Бұл кеш – ақын рухына тағзым ғана емес, ұрпаққа аманат, мәңгілік жырдың жаңғырығы болды.
Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ