Туған жеріміз Жәйремнің 50 жылдық мерейтойына және сүйікті компаниямыз «Казцинктің» 25 жылдығына орай, кәсіподақ ұйымы мүшелері санатындағы келіншектердің арасында «Қазақтың келіндері-ай!» атты байқау болып өтті. Ұйымдастырушы – «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ кәсіподақ ұйымы.
Бес кезеңнен тұратын байқауға «Жәйрем КБК» АҚ басқармасынан біріктірілген менеджмент жүйесі бөлімінің маманы Алина Әлжанова, техникалық бақылау бөлімінің маманы Табиғат Мұздарапова, жөндеу механикалық базасының шебері Меруерт Әмзинова, аналитикалық зертхана зертханашысы Ұлан Кәрібай, «Техэкспертсервист» ЖШС ғимараттарды жуып-тазалаушы Айман Төлеухан, Спорт Федерациясының би жаттықтырушысы Нұрайна Жүсіпбекова, энергия цехының электр жөндеушісі Жанар Жақсыбекова, теміржол цехының қоймашысы Базар Назгүл, «КЦМР» ЖШС маманы Ақтолқын Игентай және қосалқы көліктер цехының жұмыс бөлушісі Әйгерім Қожахметова қатысып, өз бойларындағы қазақ келініне тән бар қасиеттері мен өнерлерін ортаға салды.
Алғашқы кезеңде өздерін таныстырған келіндер, екінші кезеңде ою ойып, одан кейін нан жайып, сұраққа жауап беріп, ең соңында өнерлерін көрсетті. Келіндерге қойылған сұрақтың алғашқысы қазақ халқының салт-дәстүрлері жайлы болса, екіншісі Жәйрем кентінің алғашқы қадалары қағылып, құрылыс жұмыстары жүргізілген кезеңде комсомолдық жолдамамен келіп, еңбек еткен сол кездегі жас қыз-жігіттер – бүгінгі күні еліміздің түпкір-түпкірінде қызмет етіп жүрген белгілі тұлғалар, ардагерлер лед-экраннан Жәйрем тарихына байланысты сұрақтар қойды.
Өндірістен келген өнерлі келіндер сынына «Жәйрем КБК» АҚ тұрақты даму жөніндегі атқарушы директоры Айдос Серіков, әлеуметтік қолдау бөлімінің басшысы Ақтоты Жазыбекова, «Казцинк» ЖШС «Жәйрем КБК» АҚ қызметкерлер құрамы мен жұмыс қызметінің басшысы Рауан Тулебеков, ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманкелді Қойшыбаев, ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Гүлбарам Қуанышбаева, кәсіподақ ұйымының маманы Мәдина Ізбасова, комбинаттың мердігер ұйымы – «Пицца-блюз» ЖШС басшысы Алмагүл Кундукерова және кенттегі мәдени-сауық орталығының директоры Ақмарал Иманбекова қазылық етті. Үш сағатқа созылған қызықты тартыста энергия цехының маманы Жанар Жақсыбекова І орынды, техникалық бақылау бөлімінің маманы Табиғат Мұздарапова ІІ орынды, жөндеу механикалық базасының маманы Меруерт Әмзинова жүлделі ІІІ орынды иеленіп, қаржылай және естелік сыйлықтарға, алқызыл гүл шоқтарына ие болды. Қалған 7 қатысушыға да қаржылай ынталандыру сыйлықтары мен Алғыс хаттар табысталды. Кәсіподақ ұйымының арнайы жүлдесі «Ең үздік жанкүйерлер» номинациясын энергия цехы ұжымы иеленіп, ақшалай сыйлық пен Алғыс хат алды.
Байқауға қатысушы келіндер – үйде аяулы ана, ибалы келін, сүйікті жар болса, өндірісте өзіндік орны бар білікті мамандар. «Ана бір қолымен бесік тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деген сөз осындай аналарға қатысты айтылса керек. Көрермендер арасында байқауға қатысушылардың ата-енелері, жарлары, балалары мен ұжымдастары, достары отырып, жанкүйердің шынайы келбетін көрсетті.
Пандемия кезіндегі шектеулерге сәйкес, үйден шықпаған жәйремдіктердің сахнаны сағынып қалғанын көрермен залында ине шаншар жердің болмауы айғақтап берді.
Гауһар НАУРЫЗБАЕВА,
«Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары.