Өнім көлемі артып келеді

Қаражал-Жәйрем өңірі негізінен өндіріске бейімделген аймақ болғанымен, ата кәсіпті дамыту да ойдағыдай жүргізіліп келеді. Соңғы кездері мал басын өсіру мен мал өнімдерін өндіруде ілгерілеушілік бар.

Ықылым заманнан бері мал бағып, оның өнімін пайдасына жаратып келе жатқан қазақ жұрты Ұлыстың ұлы күнінде де тілегін «Ақ мол болсын!» деп бастаған. Амандық-саулық сұрасқанда да «Мал-жан аман ба?» дескен. Сол үрдіс әлі үзілмей келеді. Рас, ана жылдардағыдай емес, мал басының кейбір түрі айтарлықтай азайып, өнімі де өлшеулі күйге түсті. Десек те, мал баққан ел төрт түліктің бірінің санын азайтса, екіншісін көбейтіп, нәпақасын айырып жүр. Бұл бағыттағы оң істер Қаражал-Жәйрем өңірінде де аңғарылады. Аймақта мал шаруашылығын қарқынды дамытқан бірнеше қожалық ірі қара өсіруге ден қойған. Ресми ақпаратқа қарағанда, Жәйрем кентінде бүгінгі күні 7 шаруа қожалығы жұмыс істеуде. Олардағы мал саны 1442 басты құрайды, оның ішінде: ірі қара мал саны – 228 бас, ұсақ мал – 548 бас, жылқы – 666 бас.

Жалпы, Қаражал қаласы бойынша ауыл шаруашылығында оң үрдісті сақталып отыр. Ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 2019 жылға қарағанда 24,8%-ға өсіп, 5 млрд. теңгеден асқан. Негізгі капиталға инвестиция салу деңгейі – 101,8 процент.

Қаражал қаласының әкімі Тілектес Досаев қала тұрғындарымен кездесуде осылай деп мәлімдеді.

Қашаннан экономиканың жетекші саласы саналған ауыл шаруашылығы өзінің маңыздылығын жоймасы анық. Осы саладағы кәсіппен айналысуға ден қойғандар қатары жылдан жылға арта түсуде. Бұл бағытта Қаражал қаласының әкімдігі де ықыласты болып отыр. Шаруа қожалығын құрып, мал өнімдерін өндіремін деген азаматтарға қашанда қолдау көрсетуге әзір.

Ендеше, ата кәсіпке адалдық танытып, өңірдің түлеуіне үлес қосайық.

Әр үйдің дастарқанындағы ас ортаймасын!

Ақ мол болсын!

Ізтай БЕЙСЕНБАЕВ