Өткен аптада Қаражал қаласындағы № 1 Тірек мектебінің акт залында Білім бөлімінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай «Үлкендер жолы – ұлылық, ұрпағы жүрер ұғынып!» атты ардагер ұстаздармен тағылымды кездесу кеші өтті.
Мерекелік шараға мектеп оқушылары, мұғалімдер мен ардагер ұстаздар қатысты. Іс-шараның негізгі мақсаты – саналы ғұмырын білім мен тәрбиеге арнаған ұстаздарға құрмет көрсету, олардың өмірлік жолын жас ұрпаққа үлгі ету.
Кездесуге Қаражал қалалық білім бөлімінің басшысы Гүлбану Райсова және мектеп басшылары қатысып, ардагер ұстаздарға жылы лебіздерін білдірді.
Кеш барысында білім саласына ұзақ жылдар бойы сүбелі үлес қосқан ардагер ұстаздар – Жұмабике Қордабайқызы, Бақыт Қордабайқызы, Тоты Елубекқызы, Әбдірәсіл Нығманұлы, Нескен Әлиакпарқызы, Гүлнар Әбдікәрімқызы, Ардақ Хасенқызы, Жанар Серікқызының еңбектері кеңінен айтылып, келер ұрпаққа өнеге болғаны айдан анық.
Кеш аясында ұлттық салт-дәстүрді дәріптеу мақсатында қымызмұрындық рәсімі, қазақтың ұлттық аспаптары, бата беру, кимешек пен зергерлік бұйымдардың таныстырылымы ұйымдастырылды. Балалар өнер мектебінің оқушылары орындаған күйлер көрерменге рухани әсер сыйлады.
Ардагерлердің ақ батасы мен тағылымды әңгімелері жас буынға үлкен тәрбие мектебі болды.
Іс-шара соңында ардагер ұстаздарға алғыс білдіріліп, Қаражал қалалық білім бөлімі қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы атынан естелік сыйлықтар табысталды. Кеш «Ұстазға мың тағзым, әжеге мың алғыс!» деген жүрекжарды лебізбен қорытындыланды.
Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ
