Кәсіпорын ұжымымен жүздесті

Қаражал қаласының әкімі Тілектес ДОСАЕВ қаланы қалыптастырушы кәсіпорын «Өркен» Атасу» ЖШС ұжымымен кездесті. Оның барысында кәсіпорын директоры Маратбек БӘКЕНОВ еңбек ұжымындағы қазіргі ахуал, жұмысшылар алдындағы міндеттемелердің орындалуы туралы хабардар етті.

Директор өз сөзінде коронавирус инфекциясының алдын алу және таралуына жол бермеу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, ұжымның вакцинацияның барлық кезеңдерінен белсенді өтіп жатқанын мәлімдеді.

Кездесуде өндіріс қызметкерлері қаланың тыныс-тіршілігіне немқұрайды қарамайтындарын айғақтады. Олар қала әкіміне абаттандыру, газбен жабдықтау, көлік жолдары және басқа да өңірге қатысты мәселелерге орай, сұрақтар қойып, мәселе көтерді.

Тілектес Темірбекұлы барлық сауалдарға байыппен жауап беріп, кейбір ұсыныстарды жұмыс барысында бақылауға алатынын жеткізді.

Қаражал-Жәйрем өңірінде еңбек ұжымдарымен осытектес жүздесулер тұрақты түрде өткізіледі. Кезекті кездесу ағымдағы жылдың күзіне жоспарланған.

Ізтай БЕЙСЕНБАЕВ