Облыстық ашық турнир өтті

«Жəйрем Дамуы» КҚ қарасты Спорт Федерациясының ұйымдастыруымен 2007-2008, 2009-2010 жылдары туған жасөспірімдер арасында бокстан облыстық ашық турнир өтті. Турнирге облыстың əр аймағынан 200-ден астам боксшы қатысты. Спортшыларды салтанатты түрде қарсы алған жиынға Олимпиадағаүш дүркін қатысушы, Əлем чемпионы, Азия чемпионы, ҚР еңбек сіңіргенспорт шебері Біржан ЖАҚЫПОВ қонақ болып келді. Сонымен қатар, Ұлытау облысы, Сəтбаев қалалық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы, облыстық Ұлытау Бокс Федерациясының вице-президенті,Жезқазған қалалық мəслихатының депутаты Саят БАЛМАҒАНБЕТОВ, «Жəйрем кен байыту комбинаты» АҚ Тұрақты даму жөніндегі директоры Айдос СЕРІКОВ, Кəсіподақ ұйымының төрағасы Мүбарак КƏРІБАЕВ,Жəйрем кентінің əкімі Қайрат ЖАНСАҒЫМОВ қатысып, сайыскерлерге сəттілік тіледі.

Спорт Федерациясының басшысы Мөлдір Сатжанова: «Бұл облыстық ашық турнирді 2019 жылдан бастап дəстүрлі түрде өткізіп отыру жоспарланған болатын. Карантинге байланысты екі жылға тоқтап қалған турнир биыл жалғасын тауып, жалпы бокссүйер, салауатты өмір салтын ұстанатын қауымның басы қосылған керемет шара болды. «Жəйрем дамуы» КҚ мен Қарағанды облыстық əкімдігі арасындағы ынтымақтастық меморандумы арқылы Жəйрем кентінің 50 жылдығына, «Казцинк» компаниясының 25 жылдығына жəне биылғы еліміздегі Балалар жылына арналып ұйымдастырылған бұл жарысқа Қарағанды облысының Қарағанды, Теміртау қалаларынан, Ұлытау облысының Сəтбаев, Жезқазған, Қаражал қалаларынан, Жаңаарқа ауданынан, Түркістан облысынан келген жасөспірімдер 3 күн тартысқа түсті. Нəтижесінде, өздерінің керемет техникаларымен ерекшеленген 68 бала жүлделі орындарға ие болып, оларға дипломдар, қаржылай сыйлықтар мен медальдар табысталды. Жүлдегерлер арасында біздің жəйремдік балалардың да болғаны қуантады. Олардың бапкерлері – Рымғали Мұздыбаев, Нұрқас Еділбаев. Жалпы, кентімізде боксқа деген қызығушылық өте жоғары. Ер балалармен қатар, қыз балалар да спорттың осы түрімен шұғылданады. Нəзік жандарға аса қатты ыңғайлы спорт түрі болмаса да бокстың қыр-сырын жетік меңгеріп, кентіміздің атын халықаралық деңгейде жарқырата көрсетіп жүрген Виолетта Князева қызымызды қалай ұмытамыз?! Оның жаттықтырушысы – Рымғали Хасенұлы, ҚР спорт шебері, Қаражал қалалық мəслихатының депутаты, Жəйрем кентінде бокстан алғашқы үйірме ашушы ұстаз. Қысқасы, спорттың бұл түрі біздің Жəйрем кентінде сұранысқа ие, халықтың қызығушылығы жоғары жəне ел талабын қанағаттандыруға «Казцинк» компаниясы көп мүмкіншілік беріп отыр. Бүгінгі жарыстың Бас демеушісі де аталған компания.

Бұл шараға біз көптеген қонақтар шақырдық. Олардың ішінде, тіпті, Геннадий Головкин, Серік Сəпиев те болды. Шетелде жүруіне байланысты келе алмаған бокс тарланы болашақта біздің шақыруымызға келісіп келеді деп ойлаймын. Əлемдік деңгейдегі атақты спортшылармен қатар, Қаражал қаласындағы өзіміздің əріптестерімізді, халық қалаулылары депутаттарды да шақырған болатынбыз. Себебін біле алмадық, алайда, Қаражалдан бірде-бір адам келмеді. Қаражал-Жəйрем өңірінде еліміздің түпкір-түпкірінен келетін боксшылардың басы қосылатын осындай тамаша шарада ел ағалары мен билік тізгінінде жүрген апаларымыздың келіп, жай ғана қонақ болып отыруларының өзі бізге үлкен қолдау болып, жасөспірімдерге сəл де болса жігер берері сөзсіз еді. Əрине, ешкімге кінə арта алмаймыз. Мүмкін, өте маңызды шаруалары болған шығар…».

Гауһар НАУРЫЗБАЕВА,

«Жəйрем кен байыту комбинаты» АҚ Кəсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары.