Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауы баршамыздың көңілімізден шығып, бір-бірімізден сүйінші сұрауға себеп болды. Елдің көкейінде жүрген түйткілді мәселелердің барлығының оң шешімі бір Жолдауда қабылданды.
Әсіресе, Президенттің «Бұрынғы Жезқазған облысының аумағында Ұлытау облысын құру қажет. Жезқазған қаласы қайтадан облыс орталығы болады. Бұл аймақта дербес облыс құру – экономикалық қана емес, рухани жағынан да маңызды шешім» деген сөзі біздің аймақ үшін ерекше оқиға болды. Бұл қадам Қарағанды облысының орталығынан өте алшақта орналасқан Қаражал қаласының қарышты дамуына жағымды әсер етері сөзсіз. Сонымен қатар, облысқа үш жүздің басы қосылған, қазақтың ерте кездегі саяси орталығы ретінде танылған қасиетті Ұлытау атын беруі – қуантарлық жаңалық.
Қазақ елінің бірлігі, ұйытқысы болған Ұлытаудың мемлекеттілігіміздің іргесі қалануындағы орны да айрықша. Қазақ елінің ұлт болып қалыптасуының түп-төркіні осы Ұлытаудан бастау алады. Бұл – тарихи шындық.
Ұлытау – халқымыздың бірлік-тірлігіне діңгек болған, иісі қазақтың айналып соғар түпқазығындай қасиетті өңір. Олай болса, облысқа Ұлытау атауының берілуі – қастерлі мекеннің ұлылығын ұлықтаудың шынайы көрінісі.
Мереке ЖҰМАНБАЕВА,
«Ардагерлер ұйымы» РҚБ
Қаражал қалалық филиалының төрағасы.