«Шынайы мұсылман адам игі іс жасарда Жаратушыны еске алады» деген сөзді көнекөз қариялардан жиі еститін едік. Расында да Алла разылығы үшін жасаған әрбір сауапты істен қайырым қайтатыны бәрімізге мәлім.
Түркі тілдес елдердің ең ұлық мейрамы Наурыз мерекесі қарсаңында қаладағы ЮНЕСКО клубы «Балалар өнер мектебі» ұжымының ұйымдастыруымен «Жылды жақсы іспен баста» атты қайырымдылық акциясын қоғамнан мейірім күтетін балаларға биыл да арнады. Өнер ордасының басшысы Әбдірәсіл Рахым кеш қонақтарына алғыс айтып, көктемнің ұлық мерекесімен құттықтады. Жұртшылықты мектептің тыныс-тірлігімен таныстырып, оның соңы кішігірім экскурсияға жалғасты.
Акция аясында бейнелеу өнері бөлімі жетекшілерінің ұйымдастыруымен «Пуантилизм» тақырыбы, яғни, суретті таяқшалардың көмегімен салу үшін ерекше балаларды атааналарымен шеберлік сабағына шақырды.
Кеш қонақтары мен ерекше сұраныстары бар балапандарға өнер ордасының өнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынып, керемет көңіл-күй сыйлады.
Сөзіңнен емес ісіңнен, жүрегіңнен шығатын қайырлы іс жайында кеш қонақтары, қалалық білім бөлімінің мамандары сөз сөйлеп, балаларға сыйлықтарын табыстады. Сондай-ақ, игілікті іске үлесін қосып, балапандарға тәттілерін беріп жіберген жеке кәсіпкер Ботагөз Ермекбаеваға да өнер ордасының ұжымы алғысын білдірді.
«Кең болсаң – кем болмайсың» деген атам қазақ. Қоғамда да, күнделікті өмірде де осы сөзді жиі қолданамыз. Дегенмен, сөздің түп-тамырына терең үңіле қоймаймыз. Осы тұрғыда игі іске ат салысқан әрбір жанның басқаларға үлгі болары анық.
Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ