Көне ғұрыптар жаңғыртылды

Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамы аясында бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес, Жәйрем кентінде мәдени-сауық орталығының ұйымдастыруымен түрлі сайыстар мен байқаулар ұйымдастырылды. Мерекелік шаралар шымылдығы «Қош келдің, әз-Наурыз» атты театрландырылған бағдарламамен ашылды. Тартымды концерт жергілікті мекемелердің ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптейтін қойылымдарына ұласты.

Бабалардан қалған ұлағат ұстыны – ғибратты сөздерді ұрпақ санасына сіңіру мақсатында кенттегі ақсақалдар арасында «Ақ бата-2022» сайысы ұйымдастырылып, Әбдіманат ата «Ұлағатты бата», Төлеуғазы Нұрсафин «Берекелі бата» номинацияларын иеленсе, балалар арасында Төлеш Самат, Бейімбет Төреғали ерекше көзге түсіп, бағалы сыйлықтар мен Алғыс хаттарға ие болды.

Дәстүрлі «Бауырсақ-пати» конкурсында Аяулым Шоқаева мен Салтанат Олжабаева өзгелерден озық шығып, арнайы номинациялар иегері атанды. Оларға диплом мен бағалы сыйлықтар тапсырылды.

Ұлттық тағамдарды дәріптеу мақсатында кент тұрғындары арасында «Ең үздік Наурыз көже» сайысы өткізілді. Бұл сайыста Үміткүл Ташаева, Салтанат Олжабаева, Ерсін Исхан, Гүлшат Еділбаева есімді аналар мерейлі болды.

«Қуанышым – немерем» атты байқауға әжелер қауымы немерелерімен бірге қатысып, өздерін таныстыру, өнер көрсету, қолөнер машығын айғақтау және дәмді ұлттық тағам әзірлеу талаптары бойынша сынға түсті. Нәтижесінде «Өнегелі әже, өнерлі немере» аталымын Мәдина Ақшабаева немересімен бірге иеленді. «Парасатты әже, білімді немере» аталымына Ажар Мақажанова немересімен лайықты деп танылды. Ал «Ұлағатты әже, ақылды немере» аталымында Күләнда Мүсәпірова өзінің немересімен бірге мерейлі күйге бөленді.

Мәдени-сауық орталығының фойесінде «Наурызкәде» қайырымдылық акциясы ұйымдастырылып, кенттегі барлық мекемелер дастарқан жайды. Ыстық ықыласпен ұсынылған ұлттық тағамдардан жиылған жұртшылық түгелге дерлік дәм татты. Сонымен қатар, кенттегі көмекке мұқтаж отбасыларға азық-түлік үлестірілді.

Қол күресі, кір тасын көтеру тәрізді ұлттық спорт түрлерінен өткен сайыстар жанкүйерді мол жинады. Оған қатысуға тілек білдірген 85 адам алғашқы кезеңде 60, 80 және 80 келіден жоғары салмақ дәрежелері бойынша бақтарын сынады. Іріктелген 20 қатысушы ақтық сынға түсіп, нәтижесінде 14 сайыскер марапатқа ие болды.

Гауһар НАУРЫЗБАЕВА

ЖӘЙРЕМ кенті.