Түйткілдер түйіні тарқатылады

Мемлекет басшысының 2022 жылғы 3 наурыздағы «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» №826 Жарлығына сәйкес, Қаражал қаласының әкімі Тілектес Досаевтың биылғы жылғы тұрғындар алдындағы алғашқы есеп беру кездесуі өтті.

Жергілікті бұқараның әр санатына жататын азаматтар, оның ішінде, қариялар қауымы, қарапайым тұрғындар, мемлекеттік бөлімдер мен кәсіпорындар қызметкерлері, депутаттар, қалалық Қоғамдық кеңестің мүшелері, бюджеттік мекемелердің мамандары, үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысқан басқосуда модератор міндеті қалалық мәслихат хатшысы Зәмзагүл Оспановаға жүктелді.

Өзінің есепті баяндамасында Тілектес Темірбекұлы атқарылған істер ауқымына сындарлы негізде сараптама жасады. Қолындағы қағазға телмірмей, еркін түрде екі тілде қатар көсілген қала басшысы әр сала, әр бағыттың артық-кемін айшықты түрде еш бүкпесіз, дәйекті дәлелдерді алға тарта отырып, айғақтап берді. Қажетті жағдайда түйткілді жайттарға қатысты жауапты тұлғаларды орынынан тұрғызып, «тезге салғанын», тиісінше, көтерілген мәселенің түйінін тарқатуға қатысты нақты міндеттер жүктегенін айта кеткен жөн. Сол міндет-тапсырмалардың тиянақталу мерзімін де жұртшылықпен жүздесу үстінде атап көрсетіп отырды.

Жүзеге асырылған жұмыстарды ақпараттық мазмұндағы жазбада «жіліктеп» шығудың қажеті бола қоймасы күмәнсіз. Себебі, қала басшысының есепті баяндамасының толық нұсқасы осы басылым бетінде жарық көрген болатын («Қаражал қаласының әкімі Тілектес Досаев: Халықтың әл-ауқатын қамтамасыз ету – біздің жұмысымыздың басты мақсаты; №9 (1096) 5 наурыз, сенбі, 2022 жыл).

Қала әкімі өз сөзінде денсаулық сақтау, білім беру, коммуналдық және құрылыс салалары, жұмыссыз адамдарды еңбекпен қамту және басқа да маңызды бағыттардың бірде-бірін назардан тыс қалдырмады.

Ол, әсіресе, ауызсумен қамтамасыз ету, дербес қазандықпен жылытылатын көпқабатты үйлердегі қызмет көрсету тарифтеріндегі айырмашылықтар, жалпыға ортақ үлкен қазандық құрылысын салу, кәріз жүйесіндегі кемшін тұстар, көлік жолдарының сапасы, жер телімдері мен ел көңілін алаңдататын әрі ортақ мүдделі істерді оңтайлы шешуге қандай да бір деңгейде кедергі келтіретін өзге де өзекті мәселелерге қатысты егжейтегжейлі әңгіме өрбітті.

Кездесу барысында арнайы орнатылған жәшік арқылы түскен және әлеуметтік желідегі тікелей эфирді пайдаланып қойылған сауалдарға тиісті жауаптар берілді.

Қаражал қалалық мәслихатының депутаты Марлан Шамбұлов пен Қаражал қаласының Құрметті азаматы Мешітбай Омар қала басшының есепті мерзімде атқарған жұмысына оң сипатты баға берді.

Кездесу түйінінде тұрғындар тарапынан берілген сауалдармен ұсыныстар мұқият қарастырылып, олар бойынша ісшаралар жоспары түзілетіні мәлім етілді.

Біздің бағамдауымызда, кездесуге қатысқан қалың қауымның қала басшысына зор сеніммен қарайтыны әрі оның әр бастамасын үлкен ынтамен қолдауға әзір екендігі аңғарылып тұрды.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ