Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп белгілеген күннен бастап «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ-да еңбек ететін еңбеккерлердің арасынан озат жандарды халыққа танытып, кейінгі ұрпаққа үлгі етіп жарыққа шығарып жүрген жайымыз бар. Қарапайым жұмысшылардың, оның ішінде өндіріс майданында қолдарына күрек ұстап, ерлерден кем түспей жүрген нәзік жанды аруларымыздың еңбектері ерен.
Каспий теңізінің жағасынан қырық километр жерде Жайық өзенінің тармақтала біткен атырауын алып жатқан қасиетті де киелі, қазыналы өлке, ару қала, тарихы сырға толы Атырауды кім білер екен?! Қойнауы қара алтынға бай сырлы өлкені білмейтін адам әсте жоқ-ау…
Аталған жылға орай және алда келе жатқан кәсіби мереке – Металлург күні қарсаңында біздің Жәйремнен 2500 км қашықтықта орналасқан сол Атыраудай тамаша мекенін тастап, біздің өңірдің қазынасына, біздің жердің қойнауына қолын тигізіп, өмірлік жары мен отбасылық бағын біздің Сарыарқадан тапқан Лаура Арыстанғалиева есімді байытушы-инженер маман жайлы сөз қозғамақпыз.
«Жәйрем кен байыту комбинаты» акционерлік қоғамы полиметалл байыту фабрикасының ауысым шебері Лаура Мерзажанқызы 1964 жылы Атырау облысы, Томарлы ауылында жеті баланың үшіншісі болып дүниеге келген. Туған жерінің қойнауының байлығына жастайынан қызыққан бойжеткен, қайткен күнде де тау-кен ісі саласына араласып, тау мен тасты зерттегісі келген арманына 1982 жылы Қарағанды политехникалық институтының Жезқазған қаласындағы бөлімшесіне оқуға түсіп жетеді.
Алға қойған мақсатына қол жеткізіп, бала кездегі асқақ арманы жетегінде жүріп, қызыға оқыған оқуын тәмамдаған Лаура апамыз 1987 жылы аталған оқу орнынан байытушы-инженер мамандығын алып шығады. Қолына өмірлік нанының кілті табысталған жылы өзімен бір оқу орнында оқып, механик-инженер мамандығын игерген Дәукен Жақсыбековпен табысып, отбасын құрып, осы біздің өңірде мәңгілікке қалып қояды.
Қол ұстасқан қос маман алғашқы еңбек жолдарын 1989 жылы Жәйрем кен байыту комбинатында жұмыскерліктен бастайды. Байыту фабрикасында сынама іріктеушілік қызметпен еңбек жолын бастаған Лаура Мерзажанқызы осынау 40 жылға жуық еңбек өтілінде тау-кен саласында атқармаған қызмет жоқ деп айтуға болады.
Нәзік жанның білегі түгілі, ер адамның жүрегі көп жағдайда дауаламайтын кәсіптерді Атыраудың қаршадай қызы бірден игеріп кетіп, қазіргі таңда қарамағында 15–20 шақты жұмыскері бар жетекші ауысым шебері болып отыр.
«Сонау Атыраудан біздің елге қайдан келдіңіз?» деген сұраққа Лаура жеңгеміз «Алланың бұйрығы да», деп күліп алып:
– Ал шындығына келсек, біздің өңірде мен қалаған мамандыққа оқытатын оқу орны ол кездері болмады. Содан тау-кен саласын Қарағандыда жақсы оқытады деп естіп, жастық арманның жетегімен осы өңірден бірақ шықтық. Диплом алып, еліме қайтамын деп жүргенде, Алланың бұйрығымен өмірлік жарымды кездестіріп, Жәйремнің бір адамы болып қалып қойдым. Оған еш өкінішім жоқ. Өстім, өндім, бала сүйдім, жаңа достар, жақсы адамдар жолықтырдым. Өзімнің қалаған, сүйікті кәсібіммен қызмет етемін. Әрине, туған жерімді, туыстуғандарымды сағынамын. Жердің шалғайлығынан жылына бір-ақ рет барып келемін, – деп сағынышқа толы жүрегінен сырын толқыта шығарды.
Лаура Мерзажанқызы тау-кен саласындағы қызметін жұмыскер секторынан бастаған. Аянбай еңбек етіп, қалаған кәсібін толықтай игеріп алған маман өзіне қарасты барлық жұмыс орнының жағдайына, еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникаларына барынша ден қоя біледі.
Құрамының 90 пайызы ер адамдардан тұратын ұжымды ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайтын өте қатал, принципшіл, айтқанынан қайтпайтын, қайсар мінезі бар. Оның бұл мінезі еңбек өнімділігін арттырмаса, төмендетпейтінін жұмыскерлер де түсініп, нәзік жанды басшыларының айтқанынан шығып көрген емес.
Жалпы полиметалл байыту фабрикасының басты міндеті – карьерлерден келген өнімдерді өңдеп, байытып, қайта өңдеп, полиметалл кендерін алу. Әрі қарай өңделген өнім теміржол вагондарына артылып Ресей, Қытай тәрізді шетелдерге, сонымен қатар, өз еліміздің бірқатар жерлеріне жіберіледі.
Жылдың төрт мезгілінде де үздіксіз жүретін, өте күрделі, аса үлкен сақтықты талап ететін фабриканың жұмысында Лаура Мерзажанқызындай шеберлердің орны ерекше. Өз мамандығы бойынша да, қауіпсіздік техникасы бойынша да бірнеше рет аттестациядан үздік өтіп жүрген байытушы шебердің алдынан қаншама шәкірт өтті.
Әрине, біріншіден өндіріс болған соң, екіншіден жер астының байлығын жер бетіндегі тіршілікке игерту жолы өте күрделі болғандықтан, байыту жолы бір емес бірнеше үрдістен тұратындықтан қиындықтар аз кездеспейді. Жаз болса аптап желдің, қыс болса қақаған аяздың астында еңбек етіп, бірнеше рет Алғыс хаттарға, бағалы сыйлықтарға ие болған Лаура Арыстанғалиеваның тау-кен саласындағы біліктілігі, ұжымды басқара білетін шеберлігі бағаланып 2018 жылы ІІІ дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгісін иеленді.
Арнайы мамандық алмай қазіргі заманда орын таппайтынын балаларының санасына жеткізе білген Лаура мен Дәукеннің тұңғыштары Данияр Жақсыбеков Жәйрем комбинатында бас әкімші, Қаражал қалалық мәслихатының депутаты. Даниярдың келіншегі Әсел Сайлауханова жергілікті «Жәйрем Спорт клубы» ҚБ-те жаттықтырушы. Дания, Даниал есімді екі кішкентай бүлдіршіндері бар.
Екінші ұлы Нұрсұлтаны мен келіні Тоғжан теміржол саласының мамандары. Көп балалы отбасы. Тұңғыштары Диар ата-әженің бауырындағы еркелері болса, оның артынан ерген егіздер Бек пен Жібек 12 жаста. Бек дзюдо күресінен елімізге танылып жүрген мықты спортшы. Ал, Жібек мың бұралған биші. Кенжелері Сезім даярлық сыныбында, ол да би үйірмесіне қатысады. Қазіргі таңда Қарағанды қаласында тұрады.
Сүт кенжелері Нұргүл мектепті қызыл аттестатпен бітіріп, Қарағанды қаласындағы Е.Бөкетов атындағы мемлекеттік университетті де қызылға тәмамдап, филолог мамандығын алып шығады. Бүгінгі күні Қарағанды қаласындағы №77 мектепте ұлағатты ұстаз. Тұрмыста. Жолдасы Нұрсұлтан Қарағанды қаласының Ішкі істер органының қызметкері. Кішкентай Самир есімді ұлдары бар.
Берекесі мен бірлігі жарасқан, немеренің қылығы мен баланың қызығына толған шаттықты шаңырақтың отағасы, Лаура жеңгеміздің студенттік шақтан қол ұстасып, махаббат пен сыйластықта біте қайнасқан өмірлік серігі Дәукен Балатайұлы көп жылдар бойы комбинаттың көліктер цехында механик болып қызмет еткен, қазіргі таңда құрметті зейнет демалысында.
Мамандықтың түр-түрін меңгерген, шаттыққа толы шаңырақтың ұйытқысы Лаура Мерзажанқызына біз тек қана сәттілік тілейміз. Алла қаласа, биылғы Металлург күні қарсаңында Лаура Мерзажанқызы зейнеткерлікке шығады. «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ-на 40 жылға жуық уақыт төккен тері мен сіңірген адал еңбегінің енді тек берекесін, қызығын көрсін.
Гауһар НАУРЫЗБАЕВА