Бұдан бұрын оқырманға Жәйрем кентінде бокстан облыстық ашық турнир ұйымдастырылғаны туралы ақпарат ұсынған едік. Сол бәсекелі жарыс енді спортшы балалар арасында дзюдодан өткен облыстық деңгейдегі ашық турнирмен жалғасын тапты. Осы орайда, «Казцинк» компаниясының арқасында айтарлықтай қаржы талап етілетін жарыстар еш қиындықсыз әрі өте жоғары деңгейде өтіп жатқанын айта кеткен жөн.
Татамидегі тартысқа жергілікті өрендерден бөлек, Жезқазған, Сәтбаев, Теміртау, Қаражал қалаларынан, Ұлытау ауданының Жезді кентінен, Жаңаарқа ауданының орталығы және осы ауданның Түгіскен ауылы мен Кенжебай-Самай бөлімшесінен, сондай-ақ, Ескі Жәйремнен жасөспірімдер келіп, өздерінің ептіліктері мен мықтылықтарын көрсетті.
Арнайы келген меймандар Сәтбаев қалалық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Батырлан Өмірзақов, Жезқазған қалалық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Айтуар Дархан, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Дүйсенбай Тәжікеев пен самбодан КСРО спорт шебері Аман Наукенов жиналған барша спортсүйер қауымға ізгі ниеттерін білдіріп, жас спортшыларға сәттілік тіледі.
«Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Тұрақты даму жөніндегі атқарушы директоры Айдос Серіков өзінің құттықтау сөзінде жарыстың басты демеушісі «Казцинк» компаниясының Жәйрем тұрғындарының әлеуметтік жағдайына көп көңіл бөлетінін және халық игілігі үшін көптеген жобалар қолға алынғанын атап өтті. Жарысқа қатысушыларға табандылық тіледі. Мәртебелі меймандарға алғыс айтып, иықтарына оқалы шапан жапты.
Компания жанынан құрылған Спорт Федерациясының басшысы Мөлдір Сатжанова дүбірлі додаға белсене қатысқан жандарға ризашылығын білдіріп, Алғыс хаттар табыстады.
Жарыс қорытындысында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар, ақшалай сыйлықтар мен медальдар табыс етілді.
Айрықша атап өтетін жайт – жас дзюдошылар сайысының Жәйрем кентінің 50 жылдығына, «Казцинк» компаниясының 25 жылдығына және биылғы Балалар жылына арналып өткізілгені.
Гауһар НАУРЫЗБАЕВА,
«Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары.