Көлік қатынасы – экономиканың күретамыры

Тамыз айының алғашқы жексенбісін еліміздің көлік қызметкерлері асыға күтеді. Өйткені, бұл күні олар өздерінің төл мерекелерін атап өтеді. Жүріп өткен жолдары мен шақырымдарын саралап, соған сай өз еңбектерінің әділ бағасын да алады. Шынымен, алысты жақын ететін, жетпей жатқанды жеткізетін – осы көлік саласының қызметкерлері. Сан-салалы жұмыстардың бәрі де солар жүреді. Осы орайда, Қаражал қалалық коммуналдық шаруашылық мекемесі мен Жәйрем комбинатына қарасты жеңіл көліктер паркіне, теміржол қызметінің басшыларына қоңырау шалып, көлік қызметкерлері жайлы әңгімелескен едік. Төменде сол топтаманы оқырман назарына ұсынып отырмыз.

35 ЖЫЛ ТЕХНИКА ТІЗГІНДЕГЕН

Ел ауызекі тілде «Горкомхоз» атап кеткен Қаражал қалалық коммуналдық шаруашылық мекемесінде өз еңбегімен елге үлгі болып жүрген жандар аз емес. Солардың бірі – Ардақ ӘКІМБАЕВ.

Арекең негізі Семей өңірінің жігіті екен, 1968 жылы Мақаншы ауданында туған. Сол ауданда онжылдықты бітіріп, сол жақтағы кәсіптік-техникалық училищеде тракторист-жүргізуші мамандығын алыпты.

– Ол кезде ауылдық жерлердегі науқандық жұмыстарда тыным жоқ. Екі ай училищеде оқып, куәлік алған соң екі жыл ауылда тракторист болып еңбек еттім. Бұл кезде «Арқада, Жәйрем поселкесінде үлкен комбинат салынып жатыр екен, жан-жақтан жастар барып жұмыс істеп жатқан көрінеді» дегенді естіп, осы өңірге келдім. Бұл 1987 жыл болатын. «Жәйремқұрылыс» тресінде жұмыс істедім. Тұрғын үйлер салдық. Комбинаттың қосалқы құрылыстарын салуға қатыстым, – дейді Ардақ Ерғазыұлы.

Кешегі оңтайландыру жылдары өндірісі өрге басып келе жатқан Жәйремді оңдырмады. Комбинат жұмысы тұралады. Ел жан-жаққа көше бастады. Сол тұста Ардақта іргелес жатқан Қаражал қаласына қоныс аударды. Алғашқыда өртке қарсы қызмет бөлімінде, кейін қалалық полиция (ол кезде милиция) бөлімінде жүргізуші болып еңбек етті. Жастайынан темір тұлпарды тізгіндеп өскен жігіт жұмыс барысында көпке үлгі бола білді.

– Он жылдың мұғдары болды-ау деймін, осы «Горкомхозда» жүргізуші болып жүргеніме. Қала шағын болғанымен, жұмыс ауқымды. Шаруа – шаш-етектен. Өзіме бекітіліп берілген «ГАЗ-53» жүк көлігіне орнатылған қондырғымен құдықтардың суын сорып, апатты жағдайлардың алдын алып келемін, – дейді Арекең бүгінгі еңбек тынысы жайлы баяндай келіп.

Иә, оның жұмысы – маңызды. Қаладағы кәріз желілері мен құдықтар осы машинаның күшімен тазаланып, қалыпқа келтіріледі. Таңның атысы, күннің батысы бір тыным жоқ. Арекеңнің айтуынша, күніне 10-12 тапсырыс түсіп тұрады екен. Соның бәрін тиянақтау ісінде Ардақ Ерғазыұлы жүреді.

 

БЕСАСПАП ЖІГІТ

«Горкомхоз» мекемесінің жүргізушісі Бақтыбай ӨМІРБЕКОВТЫ бесаспап жігіт десек болады. Ол техниканың кез келген түрін ұршықша үйіреді. Еңбек жолын қарапайым жол жөндеушіден бастаған ол бүгінде мықты жүргізуші.

Бақтыбай Айтбекұлы 1963 жылдың қараша айында Қаражалдың іргесіндегі Ақтай ауылында дүниеге келіпті. Мектеп табалдырығын осы ауылда аттаған ол онжылдықты Қаражал қаласындағы №1 мектепте тәмамдаған.

– Еңбек жолымды Жаңаарқа ауданындағы жол құрылысы бөлімінде қатардағы жұмысшыдан бастадым. Тоғыз жолдың торабында орналасқан Жаңарқа іргелі өңір ғой. Ол кезде теміржолы да, автокөлік жолы да толассыз қозғалысқа толы еді. Қазір де сол ғой. Осы жерде еңбек етіп жүргенде әскер қатарына шақырылдым. Сол жақта жүргізуші мамандығын алдым. Ақыры ол менің өмірлік кәсібім болды. Содан әлі қол үзбей келемін, – дейді Бақтыбай өзінің өмір жолына шегініс жасай отырып.

Бәкең кейін Қаражал қаласына келіп, осындағы автокөлік кәсіпорнында жүргізуші болып ұзақ жыл еңбек еткен. Ауыр жүк көліктерімен қатар, эксковатор, бульдозер сияқты арнаулы техникаларды да жүргізіп, өзі еңбек еткен ұжымның табысын тасытуға сүбелі үлес қосыпты.

– Соңғы 6-7 жылдың мұғдарында Қаражал қалалық коммуналдық шаруашылық мекемесінде жұмыс істеймін. Менде – «МАЗ» автокөлігі базасында жабдықталған күл-қоқыс таситын бункердің мінсіз жұмысының жауапкершілігі. Қаланың тұрғын үйлері жанындағы күл-қоқысты арнаулы орынға тасып келемін. Полигон – қаланың сыртында. Күніне бір рет, кейде екі рейс жасаймыз, – дейді Бақтыбай Өмірбеков.

Машина ескі болғанымен, бесаспап жігіт оны бабында ұстап келеді. Ол әңгіме арасында бұл жұмысқа жастардың келгісі келмейтінін де қынжыла айтты. «Айлығын азсынады, жұмысы ауыр деп қашады. Сонда қаланың күл-қоқысын кім тасып, шаһарды кім тазалап отыруы керек» дейді Бәкең.

 

МОНТЕРДАН – МАШИНИСТКЕ ДЕЙІН

Монтер деп отырғаным – кәдімгі теміржолшы. Өз салаларында оларды жол жөндеуші монтер деп атайды. Біздің кейіпкеріміздің теміржол бойындағы еңбек өтілі осы жұмыстан басталған екен.

Өзін Мағауия Рахымжанов деп таныстырған жігіт 1970 жылы Қаражал қаласында өмірге келіпті. Алайда әке-шешесінің жағдайына байланысты балалық шағы Жаңаарқа ауданына қарасты Жеңіс, Ералиев ауылдарында өткен екен. Ал, еңбек жолын Жаңаарқа ауданында бастапты. Осы жерде кең көлемде мамандар даярлайтын училищеде механизатор-жүргізуші мамандығын алған.

– Негізі, еңбек жолым ауыл шаруашылығы саласында басталды. 186 разъезд деп аталатын жерде қырқымға қатыстым, қозы бөлістім. Кейін әскерге кетіп, екі жыл азаматтық борышымды өтеп қайттым, – дейді әңгімесін әріден бастаған Мағауия Хамзеұлы.

Мәкең тоқсаныншы жылдардың басында Жәйрем комбинатына жұмысқа келіп кіріпті. Әуелді теміржол цехына жол монтеры болып орналасқан.

– Бұл жұмыстың ауырлығы өз алдына, жауапкершілігі тіптен зор. Кен тиеген вагондардың діттеген жеріне дін аман жетуі – солардың жұмысына тікелей байланысты. Жолда ақау болмауы керек. Әйтпесе, вагон ауып қалуы ықтимал, – деді өз жұмысын жауапкершілікпен атқаруға дағдыланған жігіт мән-жайды тәптіштей отырып.

Өз ісіне мығым азаматты цех басшылары машинистің көмекшісі етіп ауыстырады. Әрлі-берлі жүйткіп жүрген локомотивтерді көрген сайын Мағауия машинист болуды армандайтын. Сол арманы орындалады. Машинистің көмекшісі болып жүріп көп нәрсені үйренді, Алып машинаны меңгерудің қыр-сырына қанықты.

– 2006 жылдың басында мені Қарағанды қаласындағы Сортировочная станциясына алты айлық курсқа жіберді. Бұл тепловоз машинистерін даярлайтын курс еді. Комбинат өзі жіберіп, оқытты. Оқып келген соң да бір айдан астам көмекші болып жүрдім. Тек, қыркүйек айында өз алдыма локомотив алып, кен тасыдым. Бұл күнді еш ұмытпаймын, – дейді Мағауия Рахымжанов әңгіме тиегін ағыта келіп.

Міне, он бес жыл болыпты, кешегі монтер машинист болып, комбинат пен станцияның арасында жүйткіп жүр. Жұмыс та ауқымды. Дайын кенді Жомарт санциясына жеткізеді. Одан қалды, комбинаттың ішкі жүктерін тасымалдау бар.

– Кен мол дайындалған кезде күніне 50-60 вагонға дейін шығады. Мұндайда бір мезетте 15 вагоннан асып кетеді. Ондайда екі тепловоз тартады. Ал, былайғы күндері 10-12 вагонды бұйым көрмей, жеткізіп тастаймын. Кей күндері екі рет қатынаймын, – дейді Мағауия масаттанып.

Кеше өзі үйренуші болса, бүгінде ол өз білгенін кейінгі жастарға үйретіп жүр. Қазір қасында Айбол Ошақбаев көмекші болып жүр. Білгенін, көкейге түйгенін сол Айболға үйретуде.

Қазір Мағауия Хамитұлы – тәжірибесі толысқан, өз ісінің нағыз майталманы. Қарамағындағы тепловозымен жаңадан ашылған фабрикадан кен мен кен ширатпасын тасып жүр.

Ізтай БЕЙСЕНБАЕВ