2026 жыл – әлем жұртшылығы үшін ерекше маңызға ие жыл. БҰҰ бастамасымен бұл жыл Әлемдік волонтерлар жылы деп жарияланып, қоғамдағы еріктілік мәдениетін дамытуға, адамгершілік пен қайырымдылық құндылықтарын нығайтуға айрықша назар аударылуда. Осы атаулы жыл аясында Ұлытау облысында да мазмұнды әрі мағыналы іс-шаралар жүзеге асырылып келеді.
Соның бірі – Ұлытау облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы «Ассамблея жастары» еріктілер қозғалысының бастамасымен ұйымдастырылған қайырымдылық шарасы. Белсенді жастар жалғызбасты қарттардың үйлеріне барып, күнделікті тұрмыста қажет көмектерін көрсетіп, ауладағы қарды тазалау жұмыстарын жүргізді.
Қыстың қақаған аязында егде жастағы адамдар үшін мұндай көмектің маңызы зор. Қар тазалау, отын кіргізу, аула реттеу сынды қарапайым көрінетін істердің өзі қарттар үшін үлкен қолдау әрі қамқорлық екені сөзсіз. Еріктілер бұл шара барысында тек физикалық көмек көрсетіп қана қоймай, қарттармен әңгімелесіп, олардың хал-жағдайын сұрап, рухани демеу бола білді.
Іс-шараға қатысқан жастардың айтуынша, мұндай қайырымды жұмыстар олардың азаматтық жауапкершілігін арттырып, өмірге деген көзқарасын өзгертеді. Ал қарттар өз кезегінде көрсетілген ілтипат пен жанашырлыққа ризашылықтарын білдіріп, жастарға ақ баталарын берді.
Мұндай игі істер – мейірімділік пен адамгершіліктің айқын көрінісі. Жастардың белсенділігі қоғамда үлкенге құрмет, кішіге ізет қағидаттарын нығайтып, жас буынға өнеге болары анық. Қарттарға көрсетілген әрбір қамқорлық – олардың жүрегіне жылу сыйлап, өмірге деген сенімін арттырады.
Айта кету керек, «Ассамблея жастары» еріктілері алдағы уақытта да волонтерлық қызметті жүйелі түрде жалғастырып, әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсетуге, қоғамға пайдалы бастамаларды жүзеге асыруға ниетті. Бұл – бір күндік акция емес, тұрақты түрде атқарылатын маңызды әлеуметтік жұмыс.
Әлемдік волонтерлар жылы аясында ұйымдастырылған мұндай шаралар қоғамдағы бірлік пен ынтымақты нығайтып, ортақ жауапкершілік сезімін қалыптастыруға зор үлес қосады.
Барша жасты жақсылық жасауға, еріктілік қызметке белсене атсалысуға шақырамыз.
Бір игі іс – бір үлкен үміт!
