Биыл өзінің жарты ғасырлық мерейтойын тойлап отырған Жәйрем кентінде менің әкем Садық АСАТОВ қалдырған айшықты қолтаңба аз емес. Соның бірі – бүгінде сан ұрпақты үлкен өмірге ұшырған алтын ұя №10 орта мектеп.
Мен 1974 жылы оқу бітірген бетте Жәйремге келдім. Әкем сол кезде Жәйрем кен-байыту комбинатының директоры еді. Ол кісінің бір ерекшелігі, жан-жағындағы жандарға қайтсем қол ұшымды беремін, қайтсем жақсылық жасаймын деп тұратын. Комбинат директоры қызметінде жүргенде тек өндірісті ғана ойламай, сол өндірісте еңбек ететін жандардың да жағдайын ойлап жүретін. Сол мақсатпен шағын жұмысшы поселкесін үлкен қалашыққа айналдырды. Жаңа үлгідегі үйлер салдырды, халық сұранысына лайықты мәдениет ошақтары мен әлеуметтік нысандардың құрылыс жұмыстарын бастап, оларды ел игілігіне берді.
Әлі есімде, кешкісін әкем екеуміз поселкені жаяу аралайтынбыз. Сонда «мына жерде емхана болады, мына жерге балабақша салдырамыз. Ал, мына көшеде үлкен қалалардағыдай зәулім үйлер бой көтереді» деп айтып жүретін.
Әрине, аз ғана уақытта соның бәріне үлгеретініне мен сенімсіздеу қарайтынмын. Балалық екен ғой оным. Әкем сол уәделерінің бәрін тап-тұйнақтай орындады. Қазір кенттегі әкем көрсеткен орындарға салынған әрбір ғимарат менің көзіме тым ыстық көрінеді.
Жарықтық өте ұлтжанды кісі еді ғой. Әсіресе, қазақ тіліне, қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарына ерекше сүйіспеншілікпен қарайтын.
Қылышынан қан тамып тұрған коммунистік партияның заманында бәрі орысшаға бейім болып кеткені белгілі. Жаңадан құрылған елді мекендерде ең әуелі орыс тіліндегі мектептер салынатын. Жәйремде де солай еді. Мектептердің дені – орыстілді немесе аралас мектептер. Әкемнің сол кездегі басты арманының бірі қазақтілді мектеп аштыру еді. «Тірі болсам, жәйремдік бүлдіршіндер үшін бір қазақтілді мектеп салдырып беремін» деп отыратын.
Ол сол уәдесін мүлтіксіз орындады. «Жәйремауырқұрылыс» тресімен келісімге отырып, жаңа мектептің құрылысын бастап кетті. Ал, 1986-1987 оқу жылы қарсаңында жаңа мектептің директоры қызметіне тағайындалған Қамбар Қойшыбаевтың қолына судай жаңа оқу ошағының кілтін ұстатқан еді. Сол күні Жәйрем жұртшылығының қуанышында шек болған жоқ.
«№10 қазақ мектебі» деп төлқұжат алған осынау білім ұясы – менің әкемнің төл перзенті. Ол күні бүгінге дейін шәкірттерді қазақ тілінде оқытып, балаларды білім нәрімен сусындатып келеді.
Гауһар АСАТОВА,
Жәйрем кентінің тұрғыны, еңбек ардагері