№1 Тірек мектебі – сапалы білім мен жаңашылдықтың орталығы

Қазіргі таңда Қазақстанның білім беру жүйесі қарқынды жаңғыру үстінде. Ел болашағының кепілі – сапалы білім мен білікті ұстаз. Осы бағытта еліміз бойынша жаңа үлгідегі Тірек мектептері (ресурстық орталықтар) ашылып, ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасы алшақтығын азайтуға бағытталған ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда.

Осы бастаманың аясында Қаражал қаласындағы №1 жалпы білім беретін мектеп 2024-2025 оқу жылынан бастап Тірек мектебі (ресурстық орталық) мәртебесіне ие болды. Бұл мәртебе – мектеп ұжымының көпжылдық еңбегінің, сапалы білім берудегі жоғары көрсеткіштің және жаңашылдыққа ұмтылыстың нәтижесі. Тірек мектебінің негізгі мақсаты – ауылдық және қалалық мектептер арасындағы білім сапасын теңестіру, барлық балаға тең мүмкіндік беру.

Тірек мектебі өз тәжірибесімен бөлісіп, жақын маңдағы №5, №6 және №11 жалпы білім беретін мектептермен бірлесе жұмыс атқарады. Бұл мектептер тірек орталығының серіктес мектептері болып табылады. Оқу жылы бойында білікті мамандар Zoom платформасы арқылы бірнеше онлайн ашық сабақтар өткізіп, тәжірибе алмасу жұмысын жүйелі түрде жүзеге асыруда. Мұндай әдіс педагогтар арасында өзара қолдау мен кәсіби байланыс орнатуға, оқыту сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

2024 жылы мектепке 250 миллион теңге көлемінде қаржы бөлініп, ауқымды базалық жабдықтау жұмыстары жүргізілді. Осы қаражат есебінен мектептің оқу кабинеттері толық жаңартылып, жаңа заман талаптарына сай келетін инновациялық оқу ортасы қалыптасты.

Бүгінде №1 Тірек мектебінде келесі жоғары технологиялық кабинеттер жұмыс істейді. Айта кетсек, STEM-зертхана – ғылыми жобалар мен тәжірибелік сабақтарға арналған. Информатика кабинеті – заманауи компьютерлер және робот техникасымен жабдықталған. Қазақ тілі мен әдебиеті кабинеті – интерактивті тақталар мен мультимедиялық құралдар орнатылған. Тарих кабинеті – цифрлы карталар мен дерекқорлар базасына қосылған. Биология және география кабинеттері – визуалды зертханалық жабдықтармен толықтырылған. Технология және робототехника кабинеттері – оқушылардың шығармашылық және инженерлік дағдыларын дамытуға бағытталған.

Осындай жаңа үлгідегі кабинеттер мен инновациялық құралдар мектептің оқу-тәрбие процесін жаңа деңгейге көтерді. №1 Тірек мектебінде білім беру процесіне заманауи инновациялық технологиялар кеңінен енгізілуде. Мұғалімдер STEM-білім беру, жобалық оқыту, цифрлық сабақтар, интерактивті платформаларды пайдалану арқылы оқушылардың қызығушылығын арттыруда.

Мектепте түрлі бағыттағы үйірмелер мен зерттеу клубтары жұмыс істейді. Оқушылар робототехника, 3D модельдеу, эксперименттік жобалар және шығармашылық стартаптар арқылы өз идеяларын жүзеге асыруда. Бұл бағыт – жас ұрпақты тек білім алушы емес, шығармашыл зерттеуші тұлға ретінде тәрбиелеуге ықпал етуде.

Мектеп директоры – Жұмакүл Ахметова, тәжірибелі педагог, жаңашыл басшы. Оның жетекшілігімен мектеп ұжымы кәсіби деңгейде дамып, жаңалыққа ұмтылған ұстаздар қауымына айналды. Жұмакүл Жандәулетқызы білім беру саласында ұзақ жылдар қызмет етіп келеді, әріптестерінің құрметіне бөленген. Ол «әр бала – болашақтың кілті» қағидасын ұстанып, ұжым алдында сапалы білім мен тең мүмкіндікті басты бағыт етіп қойды.

Тірек мектебі ретінде №1 мектеп серіктес мектептермен үздіксіз байланыс орнатып, тәжірибесін кеңінен таратуды басты назарда ұстайды. Zoom платформасында өткізілетін онлайн ашық сабақтар, әдістемелік вебинарлар, цифрлы тренингтер және бірлескен ғылыми жобалар – кәсіби серіктестіктің нақты нәтижесі. Мұндай формат ауыл мектептерінің мұғалімдері үшін де тиімді: олар жаңа әдіс-тәсілдермен танысып, өз тәжірибесін жетілдіруге мүмкіндік алады.

Тірек мектебінің оқушылары мен мұғалімдері түрлі деңгейдегі олимпиадалар, ғылыми-практикалық конференциялар және шығармашылық байқауларда жүлделі орындар иеленіп келеді. Жыл сайын түлектердің жоғары оқу орындарына түсу көрсеткіші өсіп, мектептің білім сапасы тұрақты түрде жоғары деңгейде сақталуда.

Қаражал қаласындағы №1 Тірек мектебі (ресурстық орталығы) – заманауи білім беру талаптарына толық жауап беретін, оқушы мен ұстаз еңбегін тоғыстырған инновациялық орта. Мектеп ұжымы «Сапалы білім – болашаққа салынған сенімді көпір» деген ұстанымды басшылыққа ала отырып, ел ертеңі үшін аянбай еңбек етуде.

Тірек мектебі – тек оқу орны емес, интеллектуалды дамудың, жаңашылдық пен бірліктің символы.

Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ