Қаражал қалалық мәслихатында қаланың сәулеттік келбетін жаңғырту, тұрғындар үшін қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыру бағытында қоғамдық кеңестің келелі отырысы өтті. Бұл – жай ғана жиын емес, қаланың ертеңіне алаңдаған азаматтардың ортақ мақсат жолындағы маңызды басқосуы болды. Кездесу барысында аймақтың архитектуралық келбетін жақсарту мақсатында бұған дейін берілген ұсынымдардың орындалу барысы жан-жақты талқыланып, нақты міндеттер айқындалды.
Жиынға қала әкімінің орынбасары Аманқазы Наукенов, қалалық мәслихат төрағасы Зәмзагүл Оспанова, қоғамдық кеңес төрағасы Арынғазы Тәкібаев, кеңес мүшелері, мәслихат депутаттары, бөлім басшылары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Әрбір қатысушының сөзінен туған қаланың тағдырына деген шынайы жанашырлық пен жауапкершілік айқын сезілді.
Күн тәртібіндегі басты мәселе – қаланың сыртқы сәулеттік келбетін жақсарту және тұрғындардың өмір сүруіне қауіпсіз, қолайлы жағдай жасау бағытындағы ұсынымдардың жүзеге асырылу барысы болды.
Алғашқылардың бірі болып Абай көшесінде орналасқан «Арай» сауда үйі, 25-орамдағы «Арман», «30 магазин» және Тойымбеков көшесіндегі «Орда» сауда нысандарының сыртқы келбетін ретке келтіру мәселесі көтерілді. Қала ажарын айқындайтын бұл нысандардың заман талабына сай безендірілуі – уақыт күттірмейтін міндет.
Қаражал қаласының жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Ержан Бейсембаев аталған бағытта жұмыстар жүргізіліп жатқанын, кәсіпкерлермен түсіндіру және келіссөздер қолға алынғанын жеткізді. Бұл – бизнестің дамуы мен қаланың келбеті үшін әлеуметтік жауапкершілік арқалайтын маңызды қадам.
Жиында ерекше мән берілген мәселенің бірі – бос тұрған, қараусыз қалған, апатты жағдайдағы үйлер тағдыры. Уақыт тоздырған, қабырғасы қақыраған, терезесі сынған ғимараттар тек эстетикалық тұрғыдан ғана емес, қауіпсіздік жағынан да алаңдатарлық.
Атап айтқанда, 25-орамдағы № 8, 8а, 10, 11, 12, 20 үйлерге реконструкция жүргізу мәселесі талқыланды. Егер техникалық жағдайы талапқа сай келмесе, заң аясында бұзуға жіберу мүмкіндігі де қарастырылмақ. Бұл – батыл шешім, бірақ, қала болашағы үшін қажет қадам.
Қала тұрғындарының сүйікті демалыс орындарының біріне айналатын жер – 25-орамдағы Д.Қонаев атындағы сквер деп көзделуде. Бұл жерге жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспары да назардан тыс қалмады. Қоршауларды жаңарту, тал егу, скважина қаздыру, жүгіру жолақтарын салу, аумақты абаттандыру – мұның барлығы қаланың жасыл желекке оранып, тұрғындарға серуендеуге жайлы кеңістікке айналуына бағытталған.
Сонымен қатар, бос тұрған ғимараттардың иелерін анықтау, олардың жауапкершілігін күшейту мәселесі де көтерілді. Тойымбеков көшесіндегі № 10а, 14а, 14 үйлердің шатырын жөндеу, сыртқы қабырғаларын сырлау жұмыстары да жоспарға енгізілген.
Бұдан бөлек, Қаражал тау-кен техникалық колледжіне тиесілі шеберхананың жөндеу мәселесі қозғалды. Бұл – болашақ мамандарды дайындайтын білім ордасының материалдық-техникалық базасын нығайтуға бағытталған маңызды шара.
Жиын барысында көтерілген барлық мәселелер бойынша тиісті жұмыстардың жүргізіліп жатқаны, кейбір құжаттардың тексеріс үстінде екені айтылды. Дегенмен, қоғамдық кеңес мүшелері нақты мерзімдер мен нәтижеге бағытталған жүйелі жұмыстың маңыздылығын ерекше атап өтті.
Қала келбеті – тек әкімдік пен бөлім басшыларының ғана емес, әрбір тұрғынның ортақ жауапкершілігі. Таза аула, көрікті көше, қауіпсіз орта – бұл баршамыздың бірлескен еңбегіміздің жемісі.
Қаражал бүгінде жаңғыру жолына нық қадам басып келеді. Сәулеті мен сәні келіскен, тұрғындарына жайлы, жас ұрпаққа жарқын болашақ сыйлайтын қала қалыптастыру – басты мақсат. Ал мұндай мазмұнды кездесулер сол игі мақсатқа бастар нақты істердің бастауына айналуда.
Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ

